Кітапхана туралы
Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің Ғылыми кітапханасы республикамыздың ең ірі техникалық кітапханаларының бірі болып табылады. 1934 жылы университетпен бірге ашылған кітапхана, оқу және ғылым процестерін әдебиетпен және ақпаратпен қамтамасыз ететін университеттің жетекші құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
1997 жылдан техникалық оқу орындары кітапханалары үшін облыстық әдістемелік орталық болып тағайындалып, өзіне қарасты кітапханалармен ғылыми-әдістемелік, ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын жүргізе бастады. ҚазҰТУ Ғылыми кітапханасы - ҚР Кітапханалар қауымдастығы, Қазақстан Республикасының Жоғарғы оқу орындарының кітапханалары қауымдастығы, ҚР ақпаратттық кітапханалар консорциум мүшесі.
Кітапхана қоры 2 000 000 дана басылымнан тұрады, оның ішінде оқу әдебиеті - 1 254 730 дана, ғылыми әдебиет - 711 270 дана, көркем әдебиет - 34 000 дана. Жалпы қордан: қазақ тіліндегі әдебиет – 452 618 дананы (қордың 22,6 %-ы), орыс тіліндегі әдебиет - 1 503 472 дананы (қордың 75,6%-ы), шет тілдеріндегі әдебиет - 43 910 дананы (қордың 2,2%-ы ) құрайды. Оқырмандарға жылдық кітап берілім - 1,5 миллион. Сондай-ақ, кітапхана 500 аталым мерзімді басылым жаздырып алады. Қор сапасы университет даярлайтын мамандықтар талабына сәйкес.
Кітапхананың құрылымы 8 бөлімнен тұрады: қорды жинақтау, каталогтандыру, қорды сақтау, оқырмандарға қазақ тіліндегі және шет тілдеріндегі әдебиетпен қызмет көрсету, оқырмандарға орыс тіліндегі әдебиетпен қызмет көрсету, ғылыми-әдістемелік, жаңа технологиялар, ақпараттық-библиографиялық бөлімдер. Кітапхана өз оқырмандарына 8 абонемент пен 10 оқу залы, оның ішінде электрондық басылымдар залы, интернет-зал, сирек кездесетін кітаптар мен диссертациялар залы, информатика, экономика және экология залдары арқылы саралы қызмет көрсетеді.
Кітапханада көркем әдебиеттің бай қоры және бес мыңнан аса сирек және құнды кітаптар бар. Жаңа технологиялар бөлімі қазіргі заман талабына сай жаңа компьютерлермен және көшірме техникаларымен жабдықталған. Университет ғалымдары жасаған электрондық оқулықтармен оқырмандар Электрондық басылымдар залында пайдалана алады. Электронды каталогты құру жұмысы 1998 жылы басталды, қазіргі уақытта ЭК деректер қорына 850 000 аталым, 1 500 000 дана әдебиет енгізілген, қордың ретроконверсиялау жалғасуда. Кітапхана оқырмандары ғаламдық Интернет жүйесін, қазақ және орыс тілдеріндегі ҚР «Заңгер» ақпараттық жүйесін пайдалану мүмкіндігіне ие. Өз WEB-сайты, электрондық адресі бар университет кітапханасын Internet жүйесінен таба аласыз.
Жаңадан келіп түскен әдебиетті насихаттау мақсатында кітапхана ай сайын көрме ұйымдастырады да, «Жаңа түскен әдебиет бюллетенін» ҒК сайтының «Электронды ресурстар» бөліміне шығарады, сонымен қатар жыл сайын «... жылғы жаңадан келіп түскен әдебиет» деген атпен 2 кітаптан тұратын ақпараттық көрсеткіш шығарады. Кітапхана университетіміздің ғалымдарының еңбектерін насихаттау жолында айтарлықтай еңбек жасады. Университет ғалымдарының жарық көрген еңбектері түгел дерлік 11 кітап болып шыққан библиографиялық көрсеткіштердің 3 шығарылымына енген. Қазіргі уақытта кітапхана қызметкерлері ғалымдар мен профессорлық-оқытушылық құрамның соңғы 5 жыл – 2005-2009 жылдары жарық көрген еңбектерінің библиографиялық көрсеткішін шығару жолында еңбектенуде.
ҚазҰТУ ғылыми кітапханасы көп сындардан сүрінбей өтіп, 75 жыл абыройлы өмір сүріп келе жатқан, оқырмандарға қажетті мағлұматтарды бірегей қоры арқылы бере алатын бүгінгі заман талабына сай – ақпараттық орталық.